«Жас физик-2023» жазғы мектебі

«Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК мен «Ядролық технологиялар паркі» АҚ базасында жыл сайын 8-10 сынып оқушылары үшін өткізілетін «Жас физик-2023» жазғы мектебінің аясында 2023 жылғы 22 маусымда ҚР ҰЯО РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалына Курчатов қаласы мен Ақжар ауылы мектептерінің 44 оқушысы келді. Филиалға келу бағдарламасы дәрістік сабақтармен қатар тәжірибелік бөлімді де қамтыды, оның барысында балалар Семей сынақ полигоны және Институт қызметімен толығырақ таныса алды. Оқушылар жабдықты көріп қана қоймай, өсімдіктер мен жануарлардың сынамаларын радионуклидтік талдауға дайындау жұмыстарының әдістерімен және принциптерімен танысты, сондай-ақ өздерін зерттеуші ретінде де байқап көрді. Тәжірибелік сабақтар Институттың жетекші мамандарының жетекшілігімен жүргізілгендіктен «жас физиктердің» бірде-бір сұрағы назардан тыс қалмады. Жазғы мектеп бағдарламасына ССП тарихының экспозициялық залына экскурсия енгізілген және дәстүр бойынша балалар «жас физиктердің» болашақ ұрпақтарына арналған естелік кітапқа өз қолтаңбаларын қалдырды. Аталған шаралар талантты және ізденімпаз жастар ұрпағын тәрбиелеуге көмектеседі, сондықтан келесі жылы да «жас физиктерді» күтеміз!