«Семей ядролық полигоны: ғылым және әлеумет» Халықаралық дөңгелек үстелде қатысу

2023 жылғы 28 тамызда Шәкәрім университетінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен «Семей ядролық полигоны: ғылым және әлеумет» Халықаралық  дөңгелек үстелін өткізді. Сондай-ақ министрлік, Абай облысы мен Семей қаласы әкімдіктерінің өкілдері, ғалымдар, медициналық жұмыскерлер, өндіріс инженерлері және басқалар қатысты.

Спикерлердің бірі ретінде «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалынан ҚР ҰЯО РМК РҚЭИ филиалы директорының орынбасары Евгения Валерьевна Мустафина «Семей сынақ полигонын кешенді экологиялық зерттеп-қарау нәтижелері» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Өз баяндамасында Е. В. Мустафина кешенді экологиялық зерттеп-қарау нәтижелерін атап өтіп, ССП радиациялық-ластанған аумақтардың зерттеп-қаралған деңгейінің 2021 жылы  100 %-ға жеткендігін көрсетті. Евгения Валерьевна ССП аудандарын қалпына келтіру жөніндегі ұзақ мерзімді перспективаларды және радиоактивті заттектердің әсерлерін азайту мәселелерін көтерді, сондай-ақ осы тектес экологиялық мәселелерді шешудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Оның баяндамасы радиоактивті ластану мәселелерінің күрделігін көрсетіп, экожүйені қалпына келтіру және болашақ ұрпақ үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиімді стратегияларды әзірлеу үшін осы салада ғылыми зерттеулерді жалғастыру қажеттілігін көрсетті.

Дөңгелек үстел шеңберінде конференция қатысушылары Шәкәрім Құдайбердиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ғылыми жетістіктер, әдебиет, скульптура көрмелеріне, сондай-ақ суретші Құрман Аймұханбеттің «Семей полигонының трагедиясы» көрмесіне қатысты.