Институт тарихы

Радиациялық қауіпсіздік және экология институты, тәжірибелік-ғылыми бөлім аумағы, штабтың ескі ғимараты (50-жылдар соңы-60-жылдар басы), бүгінде РҚЭИ әкімшілік корпусы. Радиациялық қауіпсіздік және экология институтын (РҚЭИ) құру туралы ой Семей ядролық сынақ полигоны (ССП) жабылған соң полигонның зерттеу орталығы ретінде жаңа құрылым болып қалыптасуы барысында келді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ССП жабу туралы № 409 Жарлығы 1991 жылы 29 тамызда жарияланды, ал 1992 жылдың мамыр айында ҚР Министрлер Кабинетінің № 779 «ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен Атом энергиясының Агенттігін құру туралы» Қаулысы шықты. ҚР Министрлер Кабинетінің 29.10.1993ж. № 1082 Қаулысымен ҚР ҰЯО құрамына, 52605 ә/б базасында ұйымдастырылған, РҚЭИ енді.

ССП ядролық сынақтар өткізу үшін арнайы, 1948 жылы Звенигород қаласында (Мәскеу обл.), 52605 әскери бөлімі құрылды, ол полигонның орталық, құрушы элементі болды және екі негізгі звенодан – бөлім басқармасы мен Ғылыми-зерттеу бөлімшелерінен (ғылыми-сынақ бөлімі) тұрды, кейіннен бұлардың базасының негізінде РҚЭИ құрылды. Полигонның барлық бөлімшелерінің қызметіне әскери бөлімнің қомандирі – полигон бастығы жетекшілік етті. 52605 ә/б алғашқы командирі генерал-лейтанат Рожанович П.М. болды, ал ғылыми жетекшісі Садовский М.А. болды.

1948 жылдың аяғында ғылыми сектордың құрамында бірнеше бөлімдер жұмыс істеді, олар: физикалық, биологиялық өлшеулер мен қарулану бөлімдерінен, ал олардың әрқайсы зертханалардан тұрды. Физикалық өлшеулер секторларының жеке құрамын оқытудың негізгі базасы КСРО Ғылым академиясының Химиялық физика институты (ХФИ) болды, оны академик Н.Н.Семенов басқарды және өзі тікелей ядролық физика негізі бойынша дәрістер оқыды. Сынақ алаңындағы офицерлерді дайындауда ғылыми жетекші М.А.Садовский болды, сонымен бірге ол уақытта осы институттың директорының орынбасары болды. Жеке құрамды Химиялық физика иинститутының мамандары О.И.Лейпунский, И.Л.Зельманов, Г.Л.Шнирман, П.А.Ямпольский, В.Б.Миллер және т.б. оқытты. Осы мамандар сәйкес зертханалардың секторларының жетекшілері болды. Сонымен қатар офицерлерді оқытуға, жетекшісі профессор М.А.Ельяшевич болған Мемлекеттік оптика инстиутының мамандары да тартылды. Биологиялық секторлардың қызметкерлерін дайындаудың бас орталығы Бурденко ат. Бас әскери госпиталь және КСРО МҒА Биофизика институты болды.

Социалистік Еңбек Ері (1949), Лениндік (1962) және төрт Мемлекеттік премияның лауреаты, КСРО ҒА академигі (1966). Жарылыс физикасы бойынша ірі мамандардың бірі. Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО Ғылым академиясының Химиялық физика институтындағы жарылыс физикасы бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. 1943ж. жарылған тротилдің мөлшерінен соққы толқынының функционалды тәуелділігін анықтады. Кейіннен «Садовскийдің формуласы» ядролық жарылыстың қолдананысына жетілдірілді және ядролық жарылыс қуатының тротилді эквивалентін анықтау үшін барлық жерде қолданылып келеді. 1946ж. М.А.Садовский ҒАХФИ директорының орынбасары қызметін атқара отырып, ядролық жарылыстардың барлық параметрлерін тәжірибелік зерттеу бойынша арнайы секторды басқарады. 1946ж. М.А.Садовский Семей ядролық полигонының бірінші ғылыми жетекшісі болып тағайындалады. Бұл қызметінде ол 1968ж. дейін жұмыс істеді және ядролық сынақтардың теориясы мен тәжірибесіне үлкен үлесін қосты. 1949ж. бірінші атом бомбасы табысты сыналғаннан соң М.А.Садовскийге Сталиндік сыйлық пен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1958ж. И.В.Курчатовтың сұрауымен Садовский ядролық сынақтарды тыйым салуға байланысты мәселелерді шешуге және осы аумақтағы мүмкін деген келісімдерді бақылауға тартылды. 1968ж., КСРО ҒА Жер физикасы инстиутын басқара отырып, М.А.Садовский ұзақ уақыт бойы автоматтандырылған кешенді сейсмикалық стансалардың КСРО Машқұралдминнің күштерін әзірлеуге ғылыми жетекшілік етті.

Ғылыми-тәжірибелік бөлімнің штаттық-ұйымдастыру құрылымы бірнеше рет ауысты, себебі бөлімшелердің түрлері өткізілетін тәжірибелердің нақты міндеттеріне байланысты болды. Басында сынақтардың бағдарламасы келесі негізгі міндеттерді қойды: физикалық бақылау, биологиялық бақылау, ғимараттар мен қарулардың әр түрлеріне жарылыстың әсерін бақылау. Кейін ядролық жарылыстардың радиациялық эффекттерін, сонымен қатар жергілікті радиоактивті ластануды тереңірек зерттеу қажеттілігі туды. Осы мақсатта бұрынғы физикалық өлшеу секторының құрамынан радиохимиялық зертхана шығарылып, оның базасында радиациялық бағыт құрылды. Биологиялық сектор медико-биологиялық бағытқа ауыстырылды және бионысандарға ядролық жарылыстардың әсер ету факторының әсерін зерттеу бойынша мәселелерге ерекше назар аударылды.

Алғашқы ядролық зарядты сынау алдында, американдық жарылыстарды сынау тәжірибесінен байқағандай, әсіресе төмен биіктіктегі және жер бетіндегі ядролық жарылыстардың соңынан радиоактивті түсулер орын алатыны анықталды. Сол себепті Ғылыми-тәжірибелік бөлімнің құрамында жердің радиоактивті ластануын зерттеуге арналған радиохимиялық зертхана құрылды. ССП сынақтар өткізілген соң жердің радиоактивті ластану процесіне, оған қоса бөлініс жарықшаларының түзілуі мен жасанды белсенділіктің изотоптары, радиоактивті бөлшектердің құрылуы, олардың құрамы, қасиеті, ауадағы әрекеті және т.б. тереңірек зерттеулер жүргізу қажет екеніне көз жеткізілді. Сол себепті дербес радиациялық бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылды.

Ядролық жарылыстың әсер ету факторларының тірі ағзаға, жеке құрамға және тұрғындарға әсерін зерттеу үшін зерттеулердің медико-биологиялық бағыты ұйымдастырылды, ол полигон жабылғанға дейін жұмыс істеп тұрды. Ионды сәулеленудің әсер етуін зерттеуге ерекше көңіл бөлінді, себебі ол кезде бұл патология жайлы дерек аз болатын. Тек қана бірінші ядролық жарылыстардан соң сәулелену жайлы мәселе пайда болды. Бұл күрделі мәселені шешу тақыр жерден басталды және Полигон оны қарқынды зерттеу орнына айналдырды деп айтуға болады. ССП-да медициналық радиология мен радиобиологияның іргетасы қаланды деп айтуға болады және радиациялық қауіпсіздік нормалары мен радиациялық қорғаныс бойынша алғашқы ұсыныстар әзірленді. 1969 жылы радиациялық медицина саласындағы еңбектері үшін бір топ маманға, сонымен қатар ССП Ғылыми-тәжірибелік бөлімнің қызметкерлеріне КСРО Мемлекеттік сыйақы берілді.

1991 жылы 29 тамызда Қазақ СРО Президенті Н.А.Назарбаевтың №409 Жарлығымен Семей сынақ ядролық полигоны жабылды. Бұл полигондағы ядролық сынақтар мүлдем тоқтатылды. Бұрынғы полигонның барлық нысандары ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына (ҚР ҰЯО) берілді. 1994 жылдың маусымына таман полигонда орналасқан соңғы ресейлік әскери бөлімдер, сонымен бірге 52605 ә/б де Қазақстан жерін тастап шықты. Әскери бөлімдермен қатар Курчатов қаласы ғылыми сектор бөлімінің біраз бөлігі шықты және олар аспаптық базаның біраз бөлігін өздерімен алып кетті. РҚЭИ ғылыми және аспаптық базасын әскери бөлімнің ғылыми секторларының зертханалары құрады. Негізгі қызметкерлердің арасында С.Ғ.Смағұлов, В.А Азаров, В.Ю.Сергеев және т.б. болды. 1993-1994 жж. қыста институттың және Курчатов қаласының жылу беру жүйесі қатып қалып қатардан шықты. РҚЭИ ұжымына бар күшін қалпына келтіру жұмыстарына бағыттауға тура келді. Полигондағы радиациялық қауіпсіздік, радиоэкология және радиобиология саласындағы ғылыми-зерттеу тақырыбының жұмыстарын жалғастырушысы біздің институт болып қалды. Бұндай жағдайда полигондағы радиациялық ахуалды зерттеу жұмыстарын жүргізуде Алматы бөлімінің Ядролық физика институтының базасында РҚЭИ құру туралы шешім қабылданды, жетекшісі болып А.В.Юшков тағайындалды. ЯФИ қызметкерлері қатарынан, А.В.Юшковтан басқа, бөлімнің жұмысына белсенді түрде В.Р.Бурмистров, С.Хажекбер (кейіннен бөлім жетекшісі), О.И.Артемьев, В.А.Дидоренко, Н.Н.Лашкул және т.б. қатысты.

1995 жылдан РҚЭИ директоры болып радиациялық қауіпсіздік қызметінің соңғы басшысы техника ғылымдарының кандидаты С.Ғ.Смағұлов болды. 1997 жылдан 2002 жылдың ортасына дейін институтта Ахметов М.А., кейіннен Л.Д.Птицкая 2006ж. мамырына дейін басшылық етті. Қазіргі уақытта РҚЭИ директоры болып Лукашенко Сергей Николаевич қызмет жасайды.

 

Сейсебаев Ахметжан Тілеубайұлы
Сейсебаев Ахметжан Тілеубайұлы

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының (РҚЭИ) бірінші директоры биология ғылымдарының кандидаты Сейсебаев Ахметжан Тілеубайұлы болды, оның үлесіне ең қиын кезеңдер – Институттың ұйымдастырылуы мен құрылуы тиген еді.

Сейсебаев А.Т. (01.01.1936 ж. - 02.04.2017 ж.), 1957 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының (Алматы қаласы) агрономиялық факультетін аяқтаған және 2 жыл Қарағанды облысы Ұлытау совхозының бас агрономы болып жұмыс істейді. Кейіннен, 1959 ж. ҚазКСР ҒА Ботаника институты жанындағы аспирантураға түседі.

1964 ж. «Генетика» мамандығы бойынша «Түрлі факторлардың жүгері өзгергіштігіне әсер етуін салыстырмалы зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Диссертацияны қорғаған соң, А.Т. Сейсебаев ҚазКСР ҒА Ботаника институтының радиациялық цитогенетика зертханасын басқарды және оған 30 жыл бойы жетекшілік етті. 1969 ж. «Радиобиология» мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер ғылыми атағы берілді.

1959–1992 жж. А.Т. Сейсебаев – ҚазКСР ҒА Тәжірибелік биология институты, Ядролық физика институы және Ботаника институтының аспиранты, кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері және зертхана меңгерушісі. 1991 ж. «Радиобиология» және «Генетика» мамандықтары бойынша «Өсімдіктердің радиосезімталдығы мен мутациялық өзгергіштігінің түрленуі» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

Семей сынақ полигоны (ССП) жабылған соң, 1992 ж. Ахметжан Тілеубайұлы Курчатов қаласында жаңадан құрылған «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына» ауыстырылады. Оған ҚР ҰЯО Радиациялық қауіпсіздік және экология институтын ұйымдастыру тапсырылады. Мұндай барынша қатаң, тығыз, қысылтаяң жағдайда Институттың ғылыми бағытын әзірлеумен бірге, әкімші және шаруа адамының жақсы дағдыларын игеру қажет еді. ҚР ҰЯО құрамына енетін институттардың Ғадлет Әндиянұлы Батырбеков бастаған бірінші директорларының үйлескен командаларының құрамы «Қазақстан Республикасындағы атом энергетикасының дамуы» Республикалық салалық ғылыми-техникалық бағдарламасын әзірледі, оның өміршеңдігі уақытпен тексеріліп, бекітілген, Орталықтың және тиісінше, РҚЭИ, дамуының стратегиялық бағыты анықталды. Бұл бағдарламадағы зерттеулердің биологиялық бағыттарын А.Т. Сейсебаев басқарды және жетекшілік етті. Ұйымдастырушылық-техникалық және шығармашылық қызметінің нәтижесінде А.Т. Сейсебаев Институттың ұйымдастырылуы және құрылуы процессіне айтарлықтай үлес қосты.


Смағұлов Самат Ғабдрасылұлы
Смағұлов Самат Ғабдрасылұлы

1995 ж. Институт директорының лауазымына Смағұлов Самат Ғабдрасылұлы тағайындалған (1995–1997 жж.).

С.Ғ. Смағұлов (14.07.1946 ж. - 11.07.2014 ж.) –отставкадағы полковник, техникалық ғылымдар кандидаты. 1970 ж. «Радиациялық химия» мамандығы бойынша Томск политехникалық институтын аяқтаған. Оқуы аяқталған соң, КСРО Қорғаныс министрлігінің Арнайы бақылау қызметіне жіберілген.

С.Ғ. Смағұлов Семей сынақ полигонында жерасты ядролық сынақтарының қарқынды жүргізілген кезеңінде, 1970 жылдан 1998 жылға дейін, жұмыс істеген.

1970 жылдан 1975 жылға дейін басқа полигондарда жүргізілген ядролық сынақтар өнімдерін анықтау және сәйкестендіру мақсатында, қоршаған ортаның радиоактивтілігін бақылаумен айналысқан; 1975 жылдан 1989 жылға дейін 100-ден аса ядролық сынақтардың тікелей қатысушысы болады; 1988–1994 жж. – Семей полигонының Радиациялық қауіпсіздігі қызметінің бастығы болады. 1994–1995 жж. бөлім бастығының лауазымында жұмыс істеген.

Директор лауазымында С.Ғ. Смағұлов РҚЭИ ғылыми басымдықтарын құру және дамытуға белсене қатысқан, сонымен қатар, ҚР үшжақты (Қазақстан, Ресей, АҚШ) халықаралық келісімді сәтті және уақытында орындауына ықпал ететін ССП ядролық қаруды сынаудың барлық инфрақұрылымын жою бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізудің көп еңбекті талап ететін процессіне айтарлықтай үлес қосты.

Семей полигонындағы соңғы ядролық зарядтау құрылғысын жою жөніндегі жұмыстардың сәтті аяқталғаны үшін оған (қосалқы авторлық) РФ Үкіметінің ғылым және техника саласындағы сыйақысы берілген (1996 ж.).

С.Ғ. Смағұловтың естелігінен: «Ядролық-жарылғыш технологиялар адамзат тарихындағы басқаларға қарағанда аса байыппен құрылды және игерілді. Қазір мәлім болғандай, Кеңестік ядролық бағдарлама жаман емес, тіпті америкалық, пионерлікке қарағанда көп жағдайда тиімдірек. Бұл мақтанарлық нәрсе!» (С.Смағұлов. Знаки судьбы. Воспоминания испытателя ядерных боезарядов. – Саров, 2012. – 212 б.).

Ахметов Мұрат Абдрашитұлы
Ахметов Мұрат Абдрашитұлы

1997 ж. маусымда РҚЭИ директоры болып Ахметов Мұрат Абдрашитұлы тағайындалды.

М.А. Ахметов (04.04.1953 ж.т.) 1975 ж. Новосибирск мемлекеттік университетін «Физика» мамандығы бойынша аяқтаған, техникалық ғылымдар кандидаты (2001 ж.). 1993 жылы қарашада Курчатов қаласына ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі бөлімінің бастығы ретінде сынақ полигоны нысанына бірінші рет келген АТЭХАГ миссиясымен бірге бірінші рет келеді.

Кейіннен М.А. Ахметов сарапшылардың шетелдік және халықаралық командаларына ілесіп Курчатов қаласына бірнеше рет келген, сонымен қатар, зерттеу жобалары мен конференцияларға келіп қатысқан.

Директор лауазымында жұмыс істеген кезде терең кәсіби білімін көрсетті, қойылған мәселеге егжей-тегжейлі ден қойып, оларды шешудің оңтайлы жолдарын тез таба білген. Мұрат Абдрашитұлы тапсырмаларды нақты және қисынды қоя білді және де жан-дүниесі кең зиялы адам, онымен жұмыс істеу өте оңай болған.

М.А. Ахметовтың кезінде жарылыстар жүргізілген, атом өнеркәсібі кәсіпорындары мен атом қондырғылары бар Қазақстан Республикасы аймақтарындағы қоршаған орта мен адамдар денсаулығын қалпына келтіру, радиоэкологиялық, медико-биологиялық зерттеулер жалғастырылған.

Институтты М.А. Ахметов басқарған кезде полигон аумағына бірінші алаңдық зерттеулер жүргізіле бастады. Ең алдымен - оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағытта атмосфералық сынақтар жүргізілген орындардан жүретін радиоактивті іздер бойынша полигонның орталық бөлігінде, ал одан кейін зерттеу полигонның оңтүстік бөлігінде жалғасты. Бұл ССП оңтүстігіндегі ауданы 1332 км2 Абыралы ауданының аумағы еді. Кейіннен радиоактивті-ластанған аумақтарда табиғатты қорғау іс-шаралары және бұл аумақтарды халық шаруашылығында пайдалану жөніндегі ұсыныстар әзірленіп енгізілген.

М.А. Ахметов ҚР ҰЯО РҚЭИ басқара отырып, ҚР халықаралық келісімдерді ойдағыдай және уақытында орындауға ықпал еткен, ССП ядролық қаруды сынау инфрақұрылымын жою бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және өткізуге қомақты үлесін қосты. Полигон жабылуының 10-жылдығына (27.08.2001 ж.) байланысты, Қазақстандағы ядролық сынақтардың зардаптарын жоюға енгізген жеке үлесі үшін «Еңбектегі белсенділігі үшін» медалімен марапатталған.

Птицкая Лариса Денисовна
Птицкая Лариса Денисовна

2002 ж. Институт директоры лауазымына Птицкая Лариса Денисовна тағайындалды.

Л.Д. Птицкая (23.02.1941 ж.т.) өзінің еңбек қызметін ҚазМУ аяқтай сала, 1967 ж. «Казгидромет» кәсіпорнында инженерліктен бастаған. 2 жыл өткен соң, Қазақстан және Орта Азия аумағындағы қоршаған ортаның радиоактивті ластануын бақылау қызметінің басшысы болады.

1986 ж. адал еңбегі үшін Л.Д. Птицкаяға КСРО мемлекеттік марапаты – «Еңбектегі белсенділігі үшін» медалі, 1991 ж. «Еңбек ардагері» медалі берілген, Чернобыль АЭС апат зардаптарын жоюға қатысқан.

1995 ж. Л.Д. Птицкая радиоэкология саласындағы тәжірибелі маман ретінде ҚР ҰЯО РҚЭИ директорының ғылым жөніндегі орынбасары лауазымына жұмысқа шақырылған, соңынан директор лауазымына ауыстырылған.

Лариса Денисовна бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағындағы радиоэкология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетекшісі, Қазақстан Республикасының барлық аумағындағы радиоэкологиялық жағдайды бағалау жөніндегі жұмыстарды жауапты орындаушы, INTAS бағдарламасы шегіндегі жобалардың менеджері болды. Ол жұмыс істеген кезде «ССП. Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» Республикалық бюджеттік бағдарламасы басталған болатын. Жұмыс істелген 17 жылдың соңғы 3 жылында директордың Семей сынақ полигонының радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары болды.

Л.Д. Птицкаяның жетекшілігімен радиохимиялық және гамма-спектрометриялық талдауларды жүргізуді бастауға және ең бастысы, іріктеліп алынған сынамалар үлгілеріндегі қарулық плутонийдің изотоптарын анықтауды бастауға мүмкіндік беретін аппаратуралық-әдістемелік база құрылады және өндіріске енгізіледі. Онымен бір уақытта радиоэкологиялық зерттеулер жүргізу үшін жаңа жас мамандар ұжымы қалыптастырылады, олардың біліктіліктерін жоғарылатуға көп көңіл бөлінеді, биологиялық зерттеулер жүргізулер басталады.

Радиоэкологиялық зерттеулерден басқа, Л.Д. Птицкая ССП аумағындағы әскери инфрақұрылымды жоюға едәуір үлес қосқан. Л.Д. Птицкая INTAS және ХҒТО шегіндегі ғылыми-зерттеу бағдарламаларына жетекшілік етеді.

Лукашенко Сергей Николаевич
Лукашенко Сергей Николаевич

2006 ж. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы бас директорының радиоэкология жөніндегі орынбасары және РҚЭИ директорының лауазымына Лукашенко Сергей Николаевич тағайындалды.

С.Н. Лукашенко (14.12.1962 ж.т.) 1986 ж. Ленсовет атындағы Ленинград институтының (Техникалық университет) инженерлік физика-химиялық факультетін «Радиациялық химия» мамандығы бойынша аяқтаған. 1986 жылы ҚазКСР Ғылымдар академиясының Ядролық физика институтына (ЯФИ) бөлінім бойынша жіберілген және радиоактивті изотоптар зертханасына жұмысқа түскен.

Зертханада 1997 жылға дейін лаборанттықтан кіші ғылыми қызметкерлікке дейінгі жолдардан өте отырып жұмыс істеген. 1997 ж. С.Н. Лукашенко Ядролық физика институтының қолданбалы ядролық физика бөлімінің (ҚЯФБ) бастығы болып тағайындалды және бұл лауазымда 2006 жылға дейін қызмет еткен. Осы кезеңде С.Н. Лукашенконың тікелей қатысуымен жаңадан төменаялы өлшеулер зертханасы (ТАӨЗ) құрылған, 2006 жылға дейін оның да меңгерушісі болған.

ҚР ҰЯО бас директорының радиоэкология жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалған соң, Институт басшылығы міндеті де жүктеледі.

С.Н. Лукашенко жұмыс істеген уақытта жеке дозиметрия әдістерін дамыту, сәулеленудің ішкі дозаларын анықтаудың жаңа әдістерін әзірлеу, радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа әдістерін әзірлеу сияқты бағыттарды енгізе отырып, Институт қызметінің саласын кеңейтті. С.Н. Лукашенко Институттың жас ғалымдарының қалыптасуларына үлкен үлес қосты.

Сергей Николаевичтің жетекшілігімен Институтта үлкен масштабты радиобиологиялық және радиоэкологиялық зерттеулер басталған, Семей сынақ полигоны (ССП) аумағында алғашқы маңызды табиғи эксперименттер жасалған болатын. «Су-түптік шөгінділер», «топырақ-ауа», «топырақ – өсімдік жамылғысы» жүйелеріндегі жасанды радионуклидтер тасымалдануының анықталған заңдылықтарының және аталған заңдылықтарды сипаттайтын алынған мөлшерлік параметрлердің базасында су ортасының, ауа бассейнінің, өсімдік жамылғысының ластану деңгейін бағалаудың әдістемелік тәсілдері әзірленген және ғылыми негізделген.

ССП өндірілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасына эксперименттік және теориялық бағалау жүргізілген және радиациялық белгілер бойынша оны кепілдендірілген сапада өндіру мүмкіндігі дәлелденген. 2016 ж. С.Н. Лукашенко «Семей сынақ полигоны аумағын қайтарудың радиоэкологиялық негіздемелері: іргелі және қолданбалы аспектілер» диссертациясын биология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін қорғады.