Изотоптық гидрология жөніндегі АТЭХАГ семинары

2022 ж. 16 және 20 мамыр аралығында RER7013 «Жерасты суларының ресурстарын бағалау және жерасты және жербеткі суларының климаттың өзгеруіне бейімделу контекстіндегі өзара әрекеті» АТЭХАГ аймақтық техникалық ынтымақтастық жобасының шеңберінде Краков қ. (Польша) ҚР ҰЯО РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалынан қоршаған ортаның мониторинг жүйелерін әзірлеу бөлімінің инженері Т.Ж. Тоқтағанов қатысқан Аймақтық үйлестіру жиналысы болып өтті. Шара AGH (Тау-Металлургиялық Академия) ғылым және технологиялар мемлекеттік университетінің қабырғасында өткізілді. Кездесу мақсаты жұмыс жоспары мен жобаны орындау барысын қарастыру, изотоптық гидрология саласында теориялық білім алу және су ортасында изотоптық қатынастарды талдау және деректерге түсінік беру сұрақтары бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы зертханаларымен тәжірибе алмасу болды. Аталған жиналыс шеңберінде Тәжікстан Республикасындағы әріптестермен бірлесе отыра Сырдария өзенінде орындалатын жұмыстар туралы нәтижелер баяндалды. Жұмыстарды орындау барысында Сырдария өзені, оның арналары мен Арал көлі суының изотопты құрамы бойынша алғашқы деректер алынды. Сырдария өзені суының оның бастауынан бастап (Тәжікстан Республикасының аумағы) Арал көліне құяр жеріне дейін (Қазақстан Республикасының аумағы) изотоптық құрамына салыстырмалы талдау жүргізілді. Жиналыс барысында Өзбекстан Республикасының аумағынан ағып өтетін Сырдария өзенін зерттеу бойынша жұмыстарға қосылу туралы шешім қабылданғандығын атап өту қажет. Сондай-ақ Венгрия және Хорватия мамандарымен ғылыми ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.