Обнинск қаласында «Радиобиология, радиоэкология және агроэкологияның заманауи мәселелері» атты конференция өтті
07.10.2019
2019 жылғы 03-04 қазан аралығында Обнинск қ., Ресей, «Бүкілресейлік радиология және агроэкология ғылыми-зерттеу институты» Федералды мемлекеттік бюджеттік ғылыми мекемесі (БРАЭҒЗИ ФМЮҒМ) ұйымдастырған «Радиобиология, радиоэкология және агроэкологияның заманауи мәселелері» Халықаралық жастар конференциясы өтті.
Конференцияда математикалық үлгілеу және цифрлық технология, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібіндегі технологиялар мен ядролық-физикалық зерттеулер, топырақтың техногенді және агрогенді ластануы аясындағы радиациялық биология, радиоэкология, агроэкология саласындағы жаңа жетістіктер сұрақтары қарастырылды.
Конференцияға ҚР ҰЯО РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалынан Қоршаған ортаны мониторингілеу жүйелерін әзірлеу бөлімі (ҚОМЖӘБ) тасымал механизмдерін тәжірибелік зерттеу зертханасының бастығы А.К. Айдарханова және ҚОМЖӘБ мониторингілік зерттеулер зертханасының бастығы М.Р. Актаев қатысты. «Радиоэкология» бағыты бойынша А.К. Айдархановаға «Семей сынақ полигоны аумағындағы табиғи көлдердің радионуклидті ластануының қазіргі кездегі деңгейлері» тақырыбында, М.Р. Актаевқа «Семей сынақ полигоны аумағындағы беткі және жерасты суларын мониторингілеу» тақырыбында ауызша баяндама ұсынылды. Конференция қорытындылары бойынша М.Р. Актаев «Радиоэкология» бойынша секциялық отырыстағы үздік болып танылып, тиісті дипломмен марапатталды.