Чехияда 5-ші экологиялық радиоактивтілік конференциясы өтті – ENVIRA 2019

2019 жылғы 07-13 қыркүйек аралығында Чех Республикасында (Прага қ.) ENVIRA 2019 – Қоршаған ортаның радиоактивтілігі жөніндегі 5-ші Халықаралық конференция өтті. Конференция Қоршаған ортаның радиоактивтілігі журналы, Радиоэкологияның халықаралық одағы, Еуропалық ғылым және өнер академиясы, Братиславадағы Комениус Университетінің серіктестігімен Прагадағы Чех техникалық университеті және Чех ғылымдар академиясының Ядролық физика институтымен ұйымдастырылды. Күн тәртібінде жасанды және табиғи радионуклидтердің қоршаған ортада қайта таралуы, радиациялық экология, ядролық қондырғылардың радионуклидтік әсері және оларды эксплуатациялаудан қоршаған ортаға шығару, талдаудың аналитикалық әдістері мен экологиялық процесстерді үлгілеу сұрақтары қарастырылды. Конференция Жапония, Испания, Германия, Словакия, Түркия, Франция, Норвегия, Венгрия, Ресей және басқ. сияқты әлемнің түрлі елдерінен ғалымдар мен мамандарды жинады. Конференцияға ҚР ҰЯО РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалынан «Семей сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан кейінгі алыс кезеңде радионуклидтердің орман экожүйелерінде қайта таралуын зерттеу» АР05130568 ғылыми грантының шеңберінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қаржылық қолдауымен орындалған зерттеулердің нәтижелері ұсынылды. Ғылыми хатшы Наталья Ларионова (грант жетекшісі) Ертіс маңындағы қарағайлы алқаптың қалпақты саңырауқұлақтарының радионуклидті ластануы және түрлік құрамы бойынша деректерді, сонымен қатар, Семей сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан кейінгі алыс кезеңде жасанды радионуклидтердің дала және орман экожүйелері өсімдіктерінде таралуының сипаты мен құрамының нәтижелерін ұсынды.