Ядролық және изотоптық әдістерді қолдана отырып, климаттың өзгеруін зерттеу бойынша FNCA онлайн-кездесуі.

Азиядағы Ядролық кооперация форумы (FNCA) шеңберінде ағымдағы жылдың 3 және 4 наурызында ядролық және изотоптық әдістерді пайдалана отырып, климаттық өзгерістерді зерттеуге арналған онлайн-кездесу өтті. Кездесуде «Ядролық изотоптық технологиялар және климаттың өзгеруі» басты тақырыбы аясындағы негізгі баяндамалардан басқа үш сессия: «Су экожүйесі», «Жер үсті экожүйесі» және «Азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы» бойынша мәселелер қаралды. Кездесуге әлемнің түрлі елдерінен 40-қа жуық қатысушы қатысты: Жапония, Австралия, Словакия, Қытай, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Филиппин, Индонезия, Малайзия, Тайланд, Бангладеш, Моңғолия, Вьетнам. Қазақстан Республикасынан филиал директоры А.О. Айдарханов бастаған ҚР ҰЯО РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалының қызметкерлері қатысты. «Қазақстандағы климаттық өзгерістерді зерттеуді дамыту» тақырыбы бойынша қоршаған ортаны мониторингілеу жүйелерін әзірлеу бөлімінің бастығы О.Н. Ляхова баяндама жасады.