RAP-2023 конференциясы

2023 жылғы 29 мамырдан 02 маусымға дейінгі кезеңде Грециялық теңіз зерттеулер орталығында Грецияда, Анависсос қаласында радиацияны қолдану жөніндегі «RAP-2023» Халықаралық конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты иондаушы және иондаушы емес сәулеленуді қолдану мәселелерімен айналысатын зерттеушілер мен мамандарға нәтижелерін талқылап, іс-тәжірибелерімен алмасу үшін форум ұсыну болды.  Конференцияның тақырыбы физика, химия, биология, медициналық ғылымдар, техника мен қоршаған орта туралы ғылымдардың әртүрлі саласын қамтыды. Конференцияда ҚР ҰЯО «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалының радиоэкологиялық және биодозиметриялық зерттеулер бөлімінің инженер-экологы Е.С.Сысоева «Өсімдіктің өзгергіштігіне Sr-90 әсерін зерттеу» тақырыбында баяндама жасады. Сол сияқты конференцияның өту барысында «Жерорта, Қара, Каспий және Арал теңіздерінің жағалау аймақтарын ядролық аналитикалық әдістерді пайдалана отыра басқаруды жақсарту» АТЭХАГ RER7015 ТЖ жобасы бойынша кездесу өтті. Конференция мен АТЭХАГ кездесуінде аталған жобада Қазақстан Республикасының өкілі болып табылатын мониторингілеу және экологиялық-аналитикалық зерттеулер бөлімінің бастығы А.К.Айдарханова қатысты. Кездесуде жоғарыда аталған теңіздердің ағымдағы экологиялық және радиациялық ахуалын бағалаудың маңыздылығы туралы сұрақтар талқыланды. Сонымен бірге қазіргі уақытта ядролық аналитикалық әдістер теңіз экожүйелерінің ағымдағы экологиялық ахуалына талдау жасап қана қоймай, су балансын бағалауға және экологиялық және климаттық өзгерістерді ары қарай бағалау үшін қажетті түптік шөгінділердің седиментация жылдамдығын есептеп шығаруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.