Экология. Радиация. Денсаулық.

2023 жылғы 28-29 тамыз аралығында Семей қаласында көрнекті ғалым Б.А. Атчабаровты еске алуға арналған және «Семей медицина университеті» КАҚ 70 жылдығына орай ұйымдастырылған XVI Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шара Қазақстанның ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Жапония, Франция, Үндістан, Ресей және басқа да елдердің жетекші ғалымдары, дәрігерлері мен қоғам қайраткерлерінің басын қосты.

Конференция клиникалық және ядролық медицинаның өзекті аспектілерін, экологиялық қолайсыз аймақтарда тұратын халықтың денсаулығын сақтауды ұйымдастыруды, сондай-ақ диагностика мен оңалтуды, аурулардың алдын алуды көрсететін кең ауқымды ғылыми тақырыптарға арналды. Радиациялық экология мен қауіпсіздік мәселелеріне көп көңіл бөлінді.

«Радиациялық экология және радиациялық қауіпсіздік» секциялық мәжілісінде Радиациялық қауіпсіздік және экология институты биодозиметриялық зерттеулер зертханасының бастығы Кенжина Лаура Болатқазықызы «Төтенше радиациялық жағдайда адам сәулеленуінің жеке мөлшерлік дозасын бағалау» баяндамасын ұсынды. Қазақстандағы биологиялық дозиметрияның дамуына байланысты деректердің таныстырылымы конференцияға қатысушылар мен қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Бұл төтенше ядролық жағдайларға дайындық және әрекет ету, сондай-ақ медициналық және кәсіптік сәулелену дозасын мониторингілеу үшін биологиялық дозиметрияның жоғары маңыздылығын атап көрсетті. Бұл зерттеулер радиациялық қауіпсіздік және экология саласында маңызды рөл атқарып, Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ықпал ететіні атап өтілді.