Радиохимиялық және спектрометриялық зерттеулер бөлімінің негізгі бағыттары келесілер болып табылады:
- радиоэкология және экология саласында аналитикалық және эксперименттік жұмыстар жүргізу;
- жүргізілген ядролық сынақтар орындарында, экологиялық жағдайы қолайсыз аймақтарда, атом саласы объектілерінде және оларға іргелес аумақтарда қоршаған ортаның жай-күйін бағалауға қатысу;
- қоршаған орта объектілеріндегі техногендік және табиғи радионуклидтердің, сондай-ақ элементтердің құрамын өлшеу әдістемелерін әзірлеу және апробациялау, сондай-ақ қолданыстағы әдістемелерді бейімдеу.
Ядролық физикалық талдау әдістері зертханасы
Ядролық-физикалық талдау әдістері зертханасының негізгі міндеттері:
- қоршаған ортаның әртүрлі объектілерінде, құрылыс материалдарында, азық-түлік өнімдерінде және адамның биосубстраттарында табиғи және техногендік радионуклидтердің белсенділігін өлшеу;
- адамның ішкі және сыртқы сәулеленуінің дозалық жүктемелерін бағалау;
- радионуклидтерді анықтаудың спектрометриялық әдістерін жетілдіру.
Зертхана әлемге танымал өндірушілердің: Canberra, Ortec, Packard, Wallac, Revvity сияқты заманауи жоғары дәлдікті жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Барлық зертханалық сынақтар нормативтік құжаттама талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тізіліміне енгізілген әдістемелер бойынша жүргізіледі. Зертханада қолданыстағы сапа жүйесі сынақтардың сапасын АТЭХАГ, Альмера желісі бойынша салыстыру сынақтарын жүргізу және ішкі зертханалық бақылау арқылы қамтамасыз етеді.
Элементтік талдау зертханасы
Қоршаған ортаның әртүрлі объектілерінің (су, топырақ, түптік шөгінділер, өсімдіктер, аэрозольдер, биосубстраттар, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары және т.б.) элементтік және изотоптық құрамын индуктивті байланысқан плазмасы бар атомдық-эмиссиялық және масс-спектрометриялық әдістермен анықтау. Анықталатын элементтер қатары литийден (Li) уранға (U) дейінгі аралықты қамтиды.
Радиохимиялық зерттеулер зертханасы
Радиохимиялық зерттеулер зертханасының негізгі міндеттері:
- жасанды және табиғи радионуклидтердің құрамын анықтау бойынша радиохимиялық талдаулар жүргізу;
- қоршаған орта объектілеріндегі табиғи және жасанды радионуклидтердің құрамын анықтауға арналған жаңа өлшеу әдістемелерін әзірлеу және апробациялау, сондай-ақ қолданыстағы әдістемелерді бейімдеу;
- радиоэкология және экология саласында эксперименттік жұмыстар жүргізу.
Жұмыс сапасын қамтамасыз ету қызметі
Жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету қызметінің негізгі міндеттері:
- менеджмент жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін ұйымдастыру;
- бөлім бастығының орынбасары жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерде менеджмент жүйелерінің жұмыс істеуіне арналған құжаттаманы әзірлеу, келісу және өзектендіру;
- зерттеу бағдарламаларын, әзірлемелер мен эксперименттерді жүргізу кезінде қоршаған орта сынамаларын аспаптық өлшеулерге, сондай-ақ радиохимиялық және элементтік талдауларға дайындау;
- қоршаған орта сынамаларын уақытша сақтауды ұйымдастыру;
- сынамаларды дайындау сапасын бақылау жұмыстарын жүргізу;
- бөлімдегі техникалық құралдарды басқару бойынша жұмыстарды орындау.














