2026 жылғы 26–30 қаңтар аралығында Австрия Республикасының Вена қаласында АТЭХАГ-нің TC RER7017 – «Климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету» жобасы аясында 3-ші үйлестіру кеңесі өткізілуде. Жоба шеңберінде жерүсті және жерасты суларына зерттеулер жүргізіліп, су жинау алабы деңгейінде жерүсті суларының сапасына бағалау жасалады. Ерекше назар трансшекаралық өзендер мен олардың алаптарына аударылған, ал Қазақстан аумағындағы негізгі өзендердің басым бөлігі трансшекаралық болып табылады. Изотоптық гидрология әдістерін қолдану арқылы зерттелетін өзен алаптарындағы жауын-шашынға гидрологиялық әсерді бағалау, салалардың негізгі арнадағы өзен суларының изотоптық құрамына әсерін анықтау, су қауіпсіздігін арттыру және трансшекаралық су ресурстарын басқару сияқты мәселелер шешілуде.
Аталған үйлестіру кеңесіне АТЭХАГ жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасының өкілі болып табылатын РМК ҚР ҰЯО «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалындағы мониторингілеу және экологиялық-аналитикалық зерттеулер бөлімінің басшысы А.К. Айдарханова қатысуда. «Жерүсті сулары және су жинау алаптары» бағыты бойынша А.К. Айдарханова Қазақстанның Шығыс өңіріндегі атмосфералық жауын-шашынның изотоптық құрамын және трансшекаралық Ертіс өзенінің су ортасын зерттеу нәтижелерін ұсынды.


