АҚШ елшісі Уильям Х. Мозер Курчатов қаласына жұмыс сапарымен келіп кетті

АҚШ елшісі Уильям Х. Мозер Курчатов қаласына жұмыс сапарының бірінші күнінде «Байкал – 1» зерттеу реакторларының кешеніне барып, атом энергетикасын дамыту және ядролық қаруды таратпау сұрақтарын шешу саласындағы қазақстандық-америкалық ынтымақтастық шеңберіндегі жобалардың іске асырылуымен танысты. Атап айтқанда, БН -350 реакторының пайдаланылған ядролық отынын тасымалдау және ары қарай сақтау жөніндегі бірегей жобаны іске асыру, нысандардың физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету нәтижелері ұсынылған болатын. Аз байытылған отынға арналған зерттеу реакторларын конверсиялау жөніндегі ағымдағы жұмыстар да көрсетілді. Соңынан, «дөңгелек үстел» отырысында АҚШ елшісі Уильям Х. Мозер атом энергетикасын дамыту және ядролық қаруды таратпау сұрақтарын шешу саласындағы АҚШ және Қазақстан ұйымдарының 25-жылдық ынтымақтастығының нәтижесін жоғары бағалап, серіктестіктің ары қарай жалғасуына сенімділігін білдірді. Сапардың екінші күнінде Семей сынақ полигоны аумағында орналасқан «Тәжірибе даласы» және «Дегелең» алаңдарына бару жоспарланған.